Шымкент қаласы №90 жалпы орта білім беретін мектебі 2020 жылдың 16 маусымынан бастап, №90 мектеп-гимназиясы деп аталатын болды. Бұл туралы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Күлаш Бакирова мәлімдеді.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №90 мектеп-гимназиясы 2012 жылы, 6 қыркүйекте ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Шымкент қаласындағы «Асар» мөлтек ауданында бой көтерген. Мектепке қабылданған оқушылардың басым бөлігі өзге мемлекеттерден Ата жұртқа оралған қандастарымыздың ұл-қыздары болды. Сондықтан білім басқармасына аталған мектепке жас, жігерлі, іскер әрі тәжірбиелі басшыны тағайындау керек болды. Білім басқармасы бұл жауапкершілікті Орынбеков Арман Шымбайұлына сеніп тапсырды. Нәтижесінде тәжірбиелі ұстаз басшылық қызметті абыроймен атқарып, аз уақыттың ішінде мектепті, шахарда ғана емес, республикада бәсекеге қабілетті білім ордасына айналдырды. 7 жылдың ішінде мектеп биік белестерді бағындырып, талай жетістіктерге қол жеткізді.
Мектепте үш тілділік пен жаңартылған білім беру жүйесін қолдануға ерекше басымдық берілген. Мектеп оқушылары бірнеше жылдан бері Ұлттық біріңғай тестілеуден ең үздік нәтиже көрсетіп, қала мектептерінің арасында алғашқы орынды иеленуде. Осы кезге дейін мектеп түлектерінің 512-і грант, 33-і үздік аттестат иеленсе, 54 оқушы алтын белгі иегері атанды.
Мектеп директоры Арман Шымбайұлы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Сала көшбасшысы», «Кәсіби еңбегі үшін» және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар 2017 жылы Шымкент қаласы және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Ең үздік мектеп директоры номинациясын» жеңіп алды. Ал 2019 жылы республика бойынша жылдың үздік 10 педагогының қатарына еніп, «Әлем ұстазы 2020» халықаралық байқауына қатысуға жолдама алды.
«Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы». Оқушылардың білімді болуы-ұстаздың біліктілігіне тікелей байланысты. Яғни әрбір педагок – әрқашанда ізденісте жүруі қажет. Білім берудің жаңашыл тәсілдерін тауып, сабақта қолданып отыру тиіс. Осы мақсатта мектептің мұғалімдері 70-тен астам оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеген. Еліміздегі бірде-бір мектеп мұндай жетістікке қол жеткізбеген. Мектеп мұғалімдері әзірлеген әдістемелік оқу құралдарының саны мен мазмұнына ұлағатты ұстаз, ҚР Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразованың өзі жоғары баға беріп, мектеп ұжымына жылы лебізін арнаған. Мектеп мұғалімдері дайындаған оқу-әдістемелік құралдарын еліміздің бірқатар мектептері оқу процесінде қолдануда. Бұл оқушылардың білімін тереңдетіп, ұстаздардың біліктігін арттыруда таптырмас құрал екендігі айқын.
№90 мектеп-гимназиясында бүгінде 3000-ға жуық оқушы білім алуда. Оларға 200-ден астам мұғалім түрлі пәндер мен үйірмелер бойынша дәріс береді. Мектепте 5 мың кітап қоры бар кітапхана, барлық құрал-жабдықтармен жасақталған 60-қа жуық оқу кабинеттері, тілдерді оқып үйренуге арналған лингафон сыныптары, 300 орындық асхана, темір-ағаш өңдеу, тігін шеберханалары, технология және кулинария кабинеттері,екі спорт зал, 500 көрерменге арналған акт залы, би залы мен костюмерлік бөлмелер бар. Шәкірттердің шығармашылығын дамыту және күнделікті ақпарат беруге арналған «Дидар Тв» телестудиясы жұмыс жасайды. Оқушылардың танымдық ой өрісін кеңейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында мектеп мұражайы ашылып, мұрағаттар мен құнды жәдігерлерді жинақтау жұмыстары жүргізілуде.
№90 мектеп-гимназиясының ұстаздары әлемде білім жүйесі озық саналатын Жапония, Финляндия,Сингапур, Тайланд, Үндістан сияқты мемлекеттердің озық педагогикалық технологиялары мен әдіс-тәсілдерін өз тәжірбиесіне енгізіп, оқушылардың заман талабына сай білім алуына мүмкіндік жасап келеді. Мәселен, мектеп директорыныі идеясымен Жапонияда балалар миының қабілетін жан-жақты ашу үшін жүргізілетін «сол қолмен жазу» әдісі мектеп бағдарламасына енгізілген. Яғни мектепте, 5-сыныптан жоғары оқушылардың барлығы аптасына бір рет «сол қолымен диктант» жазып үйренеді. Бұл ерекше тәсіл миды жаттықтырып, оқушылардың логикалық ойлау қабілетін жақсартады.
Оқушылардың білім мен дағдысын анықтау мақсатында мектепте бақылау жұмыстарынан бөлек, тоқсан сайын «дидактикалық тест» сынағы алынады. Өзге мектептердің бірде-біреуінде жоқ ерекше тәсіл оқушылардың сабақ үлгерімін анықтап, шығармашылық қабілеттерін дамытуға жол ашады. Дидактикалық тесттің бір ерекшелігі сынақ кезінде деңгейі бірдей оқушылар бірге отырғызылады. Яғни тест барасында оқушылар бір-бірнен көшіру сияқты қулықтарды жүзеге асыра алмайды. Бұл оқушылардың өз-өзіне деген сенміділігін арттырады дейді ұстаздар қауымы. Айта кетейік, бұл да мектеп директорының идеясымен жүзеге асқан ерекше жоба.
Мектептің тағы бір ерекшелігі мектеп ғимараты толықтай бейне бақылау камераларымен жабдықталған. Демеушілердің қолдауымен орнатылған 80-ке тарта камералардың арқасында сабақтың өту барысы , оқушылар мен ұстаздардың арасындағы қарым-қатынасы үздіксіз назарда болады. Тіпті бейне-бақылау камералары озық технологиялардың көмегімен ата-аналардың ұялы телефонына қосылған. Яғни ата-ана шет елдегідей үйінде немесе жұмыс орнында отырып-ақ, баласының тәртібі мен көңіл-күйін телефон арқылы бақылай алады.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсе-лері¬мен озады». Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаев осылай деген. Шынанда, 21 ғасыр — білім мен ғылымның заманы. Ендеше бұл мектептен қанат қаққан білімді де өнерлі жастардың болашағы жарқын, жүрер жолы даңғыл болмақ. 7 жылдың ішінде бірқатар жетістіктерге жетіп, талай түлектерді баптап ұшырған №90 мектеп-гимназиясының алар асуы мен бағындырар белестері биік екендігі күмәнсіз.