Әлемдік жаһандану кезеңіне аяқ басқан Қазақ елі үшін сыбайлас жемқорлық дерті дамушы елдерге төндіретін қатерлердің ең қауіптісі екендігі даусыз. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді әдістерін таңдауда Қазақстан Республикасы әлемнің өркениетті елдерінің озық технологиясын таңдаумен қатар, өзіндік ұлттық ерекшіліктерді де ескерген абзал.
Дана халқымыздың «Ұрлық түбі – қорлық» деген мәтелін еске алар болсақ, елдің қаржысын талан-таражға салып, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баратын тұлғалардың ақыр түбінде тұтылатынын жоғары лауазымды тұлға да, қатардағы мемлекеттік қызметші де түсінуі тиіс. Сыбайлас жемқорлықтың тарихы тым тереңнен келе жатқанын халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Күлембайға» деген өлеңіндегі «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта жал, Қалмады елге тығындап» деген жолдардан білуге болады.
«Қазақстан-2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты стратегиясы» елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша негізгі ұстанымын көрсетеді және алдағы жылдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі векторларын белгіледі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлерінің Этикалық кодексі мемлекеттік қызметшінің мінез құлқына, қызметтік міндетіне, мемлекет пен оның азаматтарының өзара қарым – қатынасына сенімді өкіл болып табылатын мемлекетке, өзі «қызмет ететін» қоғамға қатысты моральдық талапты білдіретін принциптер мен нормалардың жиынтығы болып табылады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз әдеп мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек. Халық мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қарап билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Бұдан мемлекеттік қызметкерлерге артылған жауапкершіліктің маңыздылығын байқаймыз.
Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан да ол кәсібилікпен қатар жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болғаны абзал. Сонымен қатар, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс, жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті. Оған қоса, қызметкер сыпайы, өзінің лауазымдық артықшылығын алға тартпайтын және жеке басының пайдасы үшін қолданбайтын, адал, баршаға ортақ қабылданған іскери стильге сай өзін ресми түрде ұстап, сабырлы, салмақты, ұқыпты болуы, еліміздегі тілдерге, салт-дәстүрлерге сыйластықпен қарап, әділ де заңды шешімдер қабылдап, мемлекет меншігін тек қызмет бабында пайдалануы қажет.
Кез келген мемлекеттік қызметші жұмысқа тұрғаннан кейін үш күн мерзімде Әдеп Кодексінің мәтінімен таныстуы тиіс. Әуелі, ол қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің негізгі міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға тырысуы керек. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы қатаң сақталғаны жөн. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс. Тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, пікірсайысты сыпайы нысанда жүргізуге міндетті. Педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызмет бойынша материалдар жариялауды мемлекеттік қызметші жеке тұлға ретінде тек өз атынан жүзеге асыра алады.
Еліміздің әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуі үшін қазақстандық қоғам алдына қойылған міндеттер де мемлекеттік қызметшіге жүктелетін жауапкершілікті еселей түседі. Сондықтан осы саладағы жаңғыртулардың маңыздысы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің қоғамға қызмет етуіне бағытталып келеді. Жүргізіліп отырған реформалардың нәтижелі іске асырылуына кәсіби білікті, өз ісін жетік меңгерген адал мемлекеттік қызметшілердің қатары көбеюі өз септігін тигізері анық.
Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кәсіби талаптар басты қағида болуы тиіс.
Оның кәсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланатындықтан, әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Сондықтан, мемлекеттік қызметші бойында отансүйгіштік қасиеттері қалыптасқан, туған жері мен елі үшін қалтқысыз қызмет ететін жоғары парасатты тұлға болуы шарт. Сонда ғана, біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы экономикасы мықты, халқы бай-бақуатты, азаматтарының тұрмысы жоғары елге айналады.
Найля Уразғалиева, Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісі басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл