Түркістан облысында кең көлемде іске асқан «Қамқорлық» жобасына қолдау көрсеткен іскер азаматтар қатары көбейіп келеді. Әлеуметтік әлжуаз отбасыларын өз қамқорлығына алуға дайын көпке үлгі, өзгеге өнеге болуы тиіс. Оған куә болған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шалғай аудандарды аралап, баспана тауқыметін тартқан бірқатар отбасында болды. Көмекке мұқтаж азаматтардың үйлеріне барып, жай-күйлерін сұрады. Солардың бірі — шардаралық Хатича Амансатова. 7 қыз бір ұл бала асырап отырған ана жылдар бойы жалдамалы лашықты паналап жүр. Отағасы мүгедек. Үлкен қыздары колледжде оқиды. Мәртебелі меймандарға уәжін айтқан көпбалалы ананың бар арманы — баспаналы болу. Аймақ басшысы мәселені зерттеп, зерделеп, шешімін табуды жергілікті билікке тапсырды. Шараларда көмекке зәру 58 отбасы анықталған.
«Қазіргі қоғам «не алсам емес, не берсем» дейтін адамдарға мұқтаж. Барлық аудан, қалаларда осындай азаматтардың бой көтергені қуантады. Өзгеге үлгі, маңайына қамқор кәсіпкерлердің әрекеті көпке ой салары сөзсіз»,- деді Өмірзақ Естайұлы.
Кәсіпкер қолдауымен тағы бір отбасы жақын арада қоныс тойын тойлайтын болды. Келес ауданының тұрғыны Парида Абдуллаева жалғыз баласымен ескі, жұпыны сарайда тіршілік етіп жүр. Аталған отбасының жағдайын көзбен көрген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев отанасының жұмыссыз екенін ескеріп, мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналастыруды тапсырды. Жанұяның жағдайына жаны ашыған жергілікті кәсіпкер Нұрлан Базарбаев оларға баспана салып беруді өз мойнына алды.
«Осы жердің тумасы ретінде әрине жанашырлық танытамын. Бұл отбасымен таныстым. Жалғызбасты ана. Амалы болмаған соң, осындай жерде өмір сүруге мәжбүр. Қолымнан келген көмегімді көрсетемін. Зәулім демей-ақ қояйын, бірақ бой жеткен қызымен тұруына ыңғайлы үй салып беруге дайынмын. Өз ортамда мұндай сауапты іске атсалысып жүрген азаматтар жетерлік»,-дейді кәсіпкер.
Жалпы, Келес ауданында көмекке мұқтаж 178 отбасы анықталып барлығына жауапты куратор бекітіліп, аталған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету міндеттелген. Облыс көлемінде кедейлік кебін киген жандарға көмек беріп жүрген арқа сүйер азаматтардың артқаны қуантады.