Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде инновациялық жобаларды қолдауға арналған «Yassawi Smart Tech» хакатоны басталды.
Байқауды өткізу — Түркістан облысын цифрландыруға өз үлесін қоса алатын жаңа таланттар мен мамандарды анықтауға мүмкіндік береді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев арнайы қатысып, бауқауда бақ сынаушыларға сәттілік тіледі.
Айта кетерлігі, хакатон – дизайнерлер, бағдарлама әзірлеушілер және басқа да мамандар үшін бірге жиналып, инновациялық жоба, өнім жасаудың жақсы мүмкіндігі. Бұл алаң дизайнерлерге, бағдарлама әзірлеушілерге және басқа мамандардың бір-бірімен танысуға, білім және идеялармен алмасуға немесе алдағы уақытта жұмыс істейтін бірлескен жобаны ойлап табуға көмектеседі. Сондай-ақ, іс-шара қандай да бір тақырыпқа немесе мәселеге мүдделі талантты және белсенді адамдардың желісін құруға көмектеседі. Қатысушылар үшін хакатон – бұл өздерінің қаншалықты жақсы маман екенін көрсету мүмкіндігі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше байқау 2 күнге созылады. Хакатонға күллі республикадан 100-ге жуық оқушы қатысып отыр.
Қорытындысы бойынша жеңімпаздарға «Incraft» компаниясының Алматы қаласындағы 6 айлық тегін тағылымдамасынан өту мүмкіндігі беріледі. ІІ және ІІІ орын алғандарға «BilimBook» білім беру компьютерімен және «BilimBook light» планшеті табыс етіледі.