Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласында биыл пайдалануға берілетін тұрғын үй құрылысы нысандарын аралап, сапасын тексерді. Бүгінде шаһардың әкімшілік-іскерлік орталық аумағында 7 қабатты 14 тұрғын үйдің, 12 қабатты 40 тұрғын үйдің және Батыс Қытай – Батыс Еуропа тасжолының бойында 7 қабатты 10 тұрғын үй бой көтерген. Көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы екі ауысымда жүргізілуде.
Бұған қоса, қазіргі таңда әкімшілік-іскерлік орталықтың аумағынан жеке құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен 12 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Жыл соңына дейін 12 тұрғын үй тапсырылмақ. Жалпы құрылысқа 600-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Облыс әкімі сала басшылары мен мердігер компаниялардың қожайындарымен кездесті.
Жұмыстың баяу жүріп жатқанын айтып өткен аймақ басшысы құрылысты уақытылы аяқтауды тапсырды. Бұл ретте, техникалық қадағалаушы мекемеге ескерту хаттар жолданып, өндірістік кестеден артта қалып қойған бірқатар мердігер мекемелерге айыппұлдар салынған. Жауаптылар жұмыс қолының тапшылығы мен қағазбастылықтың қолбайлау болатынын алға тартты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше мердігер мекемелер тарапынан түрғын үй қабаттарының колонналарын көтеру, қабатаралық жабындарының арматурасын тоқу, бетонын құю жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа пәтерлерді өз көзімен көріп, пысықтаған облыс басшысы құрылыс компанияларының басшыларына үй құрылысын мерзімінде аяқтауды ескертіп, жұмысшылар санын арттыруды және инфрақұрылымдық жүйенің тұтынуға сақадай сай болу керегін қадап айтты.