Түркістан облысы Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, небәрі 2 жастағы қызының үй маңында ойнап жүріп, қайта үйіне оралмағаны туралы арызданады. Кішкентай ғана бүлдіршіннің тілінің толық шыға қоймағандығын ескерген тәртіп сақшылары, жедел іздестіру шараларына кіріседі. Жоғалған қызды табуға Түлкібас АПБ-нің бүкіл жеке құрамы мен жергілікті полиция қызметінің құрылымдары жұмылдырылады.
Полицейлер ауыл аймақтың ішін көліктерімен аралап, учаскелік полиция инспекторлары көшелердің арасындағы қуыстардың барлығын түгелімен тінти бастайды. Полиция.кз-тің хабарлауынша жедел жүргізілген іздеу шараларының нәтижесінде, бүлдіршін бір жарым сағаттың ішінде ауыл көшелерінің бірінен табылды. Тәртіп сақшылары қызды аман-есен тауып, ата-анасына табыстады.
Дін аман табылған бүлдіршіннің атасы мен әжесі 102-ге хабарласқан сәттен бастап, бірден іздестіруге кіріскен және кәсібилік пен жеделділік танытқан полиция қызметкерлеріне алғыстарын жеткізді.
«Кішкентай немереміз Аделинаның үйдің жанында ойнап жүрген жерінен таба алмай қалдық. Өзіміз жақын жерлердің барлығын іздедік, көршілерден сұрадық. Ешкім көрмегенін айтты. Содан соң бірден полицияға хабар бердік. Олар тез арада келіп, іздестіруді бастап кетті. Немеремізді аман есен тауып берген полицейлерге алғысымыз шексіз»,- деді бүлдіршіннің әжесі.