Оңай ақша табамын деп алданып қалмаңыз. Әлеуметтік желі арқылы олжалы болуды ойлаған Сарыағаштық тұрғын, полицияның көмегіне жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша белгісіз тұлға оның инстаграм әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы «ОҢАЙ АҚША ТАБУ» атты ойынға қатысуға шақырған. Ойынның шартын түсіндіре отырып, сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен алдымен 35 000 теңге салдыртып, екі еселеп көбейтіп беретінін айтып қызықтырған. Содан несиеңіз болуына байланысты тағы 57 000 теңге салуыңыз керек деп, есепшотына салдыртып алып, алдап кеткен. Аталған жайт «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде аталған есепшоттың кімге тиесілі екені анықталды. Жәбірленушіні алдап жүрген күдіктінің жеке-басы белгілі болды. Полиция лейтенанты Ерасыл Намазбаевтың анықтауынша, күдікті Шымкент қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз жас жігіт. Қазіргі таңда ұсталған жас жігіттің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.