Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге әлеуметтік төлемді алғандар ешқандай қылмыстық жауапқа тартылмайтынын айтты деп хабарлайды aikyn.kz.
Онлайн брифингте министр: «42 500 теңгені алғаны үшін, тіпті жіберген қатесі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық! Елімізде осы төтенше жағдай орын алмағанның өзінде бізде халықтың басым бөлігінің табысы аз, жалақының мөлшері төмен. Зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі көп емес. Сондықтан көпшілік осы төлемді алсам деген ойда. Осыған дейін де айтқанымдай, біз жаппай ешкімді тексермейміз. Жеке тұлғалар, жеке кәсіпкерлер болсын, ешкімнің үйін аралап тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге төленді ме, алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да, бізді тексереді. Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері кірісін жоғалтқан азаматтарға әлеуметтік төлемді (42 500 теңге) айлық еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы жұмысшылар алуға құқылы екенін айтып, түсіндіріп отырмын. Жұмыс беруші ақысыз демалысқа жіберген, кірістен айырылғандарға төленеді», – деді Біржан Нұрымбетов.