Бүгінде пандемияға айналған коронавирус індетімен әлем күресуде. Біздің елде қазіргі уақытта дертке шалдыққандар 2 мыңнан асқан болса, айыққандардың саны 500-ден асты. Індетпен күреске бүкіл ел жұмылуда, дегенмен кейбір маман иелерінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Олардың қатарында дәрігерлер, полиция қызметкерлері, төтенше жағдай мамандарымен қоса журналистер қауымы да бар. Осы орайда Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова осы сала мамандарына қатысты өз ойымен бөліскен болатын.
«Қазіргі күні елде төтенше жағдай кезінде дәрігерлермен қатар журналистер қауымы да ел игілігі үшін маңызды жұмыстарды атқарып жатыр. Карантин болғанымен тіршілік жалғасады, сондықтан да тілшілер үй жағдайында болсын, жұмысқа барып болсын, жаңалықты дер кезінде таратуда. Оның үстіне қазіргі журналистер ақпарат берумен ғана шектелмейді, олар халықтың таным-түсінігіне оң ықпалын тигізеді. Сондықтан БАҚ өкілдері өз міндеттерін кәсіби түрде адал атқарып жатыр дегім келеді», — деді А.Қапбарова.
Сенат депутатының пікірінше, БАҚ өкілдерінің жұмысы барысында белгілі кедергілер бар, сондықтан олардың кәсіби құқықтары заңмен бекітілуі керек.
«Тілшілер қауымынан құзырлы органдар мен мекеме басшылары олардың сауалдарына уақытылы жауап бермейді деген шағымдар түсіп жатыр. Ал мұндай жағдай олардың кәсіби қызметтеріне кедергі келтіреді. Соның салдарынан қоғамда нақтыланбаған, теріс ақпараттар тарауы да мүмкін. Журналистерге полиция қызметкерлері сияқты карт-бланш берілмейді, бұл да өз кезегінде олардың жұмысы барысында айтарлықтай қиындықтар туғызады. Сондықтан оларға мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіп кәсіби құқықтары заңмен қорғалуы тиіс», — дейді ол.
Сенатор сондай-ақ, бүгінде айтулы індетпен күресіп жатқан ақ халатты жандардың мәселесін көтерді.
«Дәрігерлердің де мәселесі өз алдына бір бөлек. Бүгінде дәрігерлердің құқықтары қорғалмағанын көрсететін жағдайлар бар. Оған дәлел – кейбір жергілікті жерлерде медицина қызметкерлерінің қарапайым сақтану құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілмеуі, санитарлық ережелердің сақталмауы және жергілікті атқарушы органдардың іске салғырт қарау жағдайын көріп отырмыз. Осы орайда дәрігерлерді заңдық, құқықтық тұрғыдан қорғау қажеттігі туындап отыр. Әрине, қазір дауласатын уақыт емес, елдегі жағдай дұрысталған соң бұл мәселені қолға алып, өз шешімін табады деп ойлаймын», — деді сенатор.