ПОЛИЦЕЙЛЕР ӘККІ ҰРЛЫҚШЫНЫ ҚОЛҒА ТҮСІРДІ

Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон мен автокөлік бөлшектерін жымқырып, онымен қоймай мал, көлік ұрлығына қатысы бар жас жігітті “ізін суытпай” ұстады. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нақтырақ айтсақ, Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер азаматтың айтуынша танысы 90 000 теңге тұратын ұялы телефонын сөйлесуге сұрап алып, саябаққа кірген бойы телефонын бермей, қашып кеткен.

Келесі күні тағы бір жергілікті тұрғын дәл осындай қылмыстың құрбаны болғанын айтып, шағым түсіреді. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, сырттай танысы құны 100 000 теңге тұратын ұялы телефонын қоңырау соғуға сұрап алып, 20 минут ішінде белгісіз бағытқа кетіп қалған.

Дәл осы аралықта Полиция бөліміне Кентауға қарасты саяжайда тұратын әйел арызданып, мал қорасынан бір бас сиырын жымқырып кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 000-ға жуық теңгені құрады.Мұнымен қоймай келесі тұрғын түнгі уақытта гаражын бұзу арқылы ішінен 2 000 000 теңге тұратын “Мерседес ” маркалы көлігін, 70 000 теңге болатын төрт доңғалағын, 50 000 теңге болатын автокөлік кілттерін жасырын ұрлап кеткенін айтып, арызданады.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полицейлер ізін жасырып, туысының пәтерінде тығылып жүрген күдіктіні ұстады. Ол Кентау қаласының тұрғыны, бұрын ұрлық жасап сотты болған жас жігіт болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай ол алаяқтық жолмен екі ұялы телефонды, гараждан көлікті жалғыз өзі жымқырған. Ал, сиырды ұрлайтын кезде сыбайласын ерткен. Барлық ұрланған мүліктерді сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратқан. Ұрланған автокөлікті Кентаудың сырт жағына апарып тастаған. Тәртіп сақшылары айғақты зат ретінде ұрланған барлық заттарды тауып, заңды иелеріне қайтарды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған қылмыстарға қатысты күдіктінің іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 190-бабы (алаяқтық), 188-бабы (ұрлық), 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *