БІТІМГЕ КЕЛУ — ҰТЫМДЫ ШЕШІМ

Қазіргі таңда сот қабырғасында қаралатын дау-дамайлардың саны күн санап өсіп келе жатқаны белгілі. Саралай келгенде, бұл даулардың басым көпшілігі ақылға қонымды екі ауыз сөзбен келісімге келетін мәселелерден тұрады екен. Ал осы болмашы даумен сотқа жүгіну тиімсіз, ұзақ әрі айтарлықтай шығынмен ұштасатыны тағы бар. Осыны біле тұра, кейбір эмоцияға берілген жандар ұсақ-түйек мәселе бойынша бірден сотқа арыз түсіріп жатады.

Даулы мәселені ой елегінен өткізіп, уақыт пен қаражатты жоғалтпай, дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану арқылы өзара келісе отырып шешу, әрине, тиімді.

Заң шеңберінде дауларды шешудің баламалы тәсілдері ретінде медиативтік, партисипативтік және татуласу келісімдері қарастырылады. Татуластыру рәсімдерінің барлығы азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған.

Дауларды сотқа дейін және сотта шешу үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бірқатар жүйелі жұмыстар жасады. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында татуластырушы-судья, медиаторлар, психологтар жұмыс істеп жатыр. Соттарда ашылған арнайы фронт-кеңседе медиаторлар сотқа жүгінген халыққа қызмет көрсетеді.

Жалпы, бүгінгідей ел болып пандемияға қарсы күресіп жатқан тұста азаматтарға өзара дауласуды тоқтатып, бітімгершілікке келудің, сотқа дейін татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданудың маңызы зор екеніне назар аударған жөн. Ол үшін медиаторлар мен азаматтарға құқықтық көмек көрсететін басқа да тұлғалардың көмегіне телефон арқылы жүгініп, дауларды онлайн түрде сотқа дейін реттеуге мүмкіндік бар. Яғни, сотқа жүінбей-ақ, медиатордың немесе адвокаттың көмегімен медиативтік, партисипативтік келісім жасап, оны сотқа жолдап, соттың актісін алуға болады. Бұл қазіргі жағдайда дауды шешудің ең тиімді жолы десек қателеспейміз.

Нұрлан ЖАМБУЛОВ

Түркістан облыстық сотының​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *