Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин DAZN стриминг платформасымен жасалған үш жылдық келісімшарт аяқталған соң спортпен қоштасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сілтеме жасап.
Головкиннің DAZN платформасындағы дебюті 8 маусым күні Нью-Йоркте канадалық спортшы Стив Ролспен өтетін жекпе-жек болмақ. «Миллиардқа татитын жоба» жөніндегі келісім — оның 2006 жылы бастаған спорттағы кәсіби мансабының қорытынды бөлімі. Ол кәсіпқой бокста жүріп өткен жолын 2021 жылы тәмамдаймын деп жоспарлап отыр. Осылайша, GGG өмірінің 15 жылын кәсіпқой рингте өткізеді. Геннадий Головкин спорттан кеткен соң промоутерлік қызметке араласып, өзі негізін қалаған GGG Promotions компаниясының басшысы қызметін атқарады. «Дәл қазір менің алдымда 6 айқас күтіп тұр. Келісімшарт бойынша үш жылда алты жекпе-жек өткізуге тиіспін. Сосын спорттағы мансабымды аяқтаймын, өйткені мен отбасымды жақсы көремін», — деп келтіреді Головкиннің сөзін ESPN.