Тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға жан-жақты көмек көрсетілуде. Жомарт жүректі азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен қаржылай және гуманитарлық көмек жолдауда. Қазірдің өзінде Атакенттегі арнайы дайындалған қоймаға 200 тоннаға жуық азық-түлік қоры жиналды. Ұн, күріш, май және киім-кешек пен күнделікті қолданысқа қажетті заттар Мақтаарал ауданындағы 12 эвакуациялық орталыққа жайғастырылған тұрғындарға күнделікті таратылуда. Сондай-ақ, туған туыстарының үйін уақытша паналап жүрген азаматтарға азық-түлік Атакенттегі № 9 жалпы орта мектебі мен В. Камаров атындағы мектепте үлестірілуде. Жамбыл облысы Мырзашөл халқына алғаш болып 30 тоннаға гуманитарлық көмек алып келген болатын. «Халық банкінің» «Халық» қоры 50 тонна, «Nur-Otan» партиясы 40 тонна азық-түлік жеткізді. Ал, Түркістан облыстық мәслихат пен аудандық мәслихат депутаттары тарапынан 21 млн. теңгеге қажетті заттар алынып, тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсетіліп отыр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, Арыс, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Келес, Отырар, Түркістан және Сайрам аудандардың әрқайсынан 5- 10 тоннаға көлемінде азық-түлік жеткізілді. Таяу күндері Мақтаарал ауданының халқына Павлодар, Қызылорда, облыстарынан да көмек келмекші.