Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент ауылында жаңа ықшамаудан бой көтереді. Жаңа ауданда салынатын үйлерге Болат Өтемұратовтың қоры 150 үй салу үшін 6 миллион доллар қаржы бөледі.
Су тасқынынан зардап шеккен ауылдарды қалпына келтіру үшін 2,5 миллиард теңге, шамамен 6 миллион доллар бөлуді жоспарлап отырған Болат Өтемұратов қорының өкілдері қиын кезеңде халық қолдаусыз қалмайтындығын жеткізді.
Жаңадан бой көтеретін ықшамауданды Мырзакенттің орталығынан салу көзделіп отыр. Онда Достық, Жаңатұрмыс, Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныстанады.Жаңа ықшамауданда мектеп, балабақша, халықтың тұрмысына қажетті барлық әлеуметтік нысандар салынатын болады.
Өткен жылы Болат Өтемұратов Қоры Қызылорда қаласында 100 көпбалалы отбасы үшін және Арыс қаласында жарылыстардан зардап шеккен 100 отбасы үшін тұрғын үй салуды қаржыландарды. Жобаларға жұмсалған жалпы сома 1,3 млрд. теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ресейлік кәсіпкер Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек ретінде 5 млн 202 мың АҚШ долларын аударғаны айтылған болатын.