Қасиетті Рамазан айында Түркістан облысында көпбалалы отбасы баспаналы болды. Бәйдібек ауданы, Шақпақ елді мекенінің тұрғыны Бақытжан Ынтыбаевқа ауданның жомарт жандарының бірі «Ерсұлтан-Агро» ЖШС-нің төрағасы Ерболат Мырзабеков өз қаржысы есебінен сатып алынған 5 бөлмелі тұрғын үйді тарту етті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жергілікті билік басшылықтары мен Түркістан облысының бас имамы Мұсабек Ақтамберді қоныстой иелерін құттықтап, естелік сыйлық тарту етті. Жаздың аптап ыстығында, қыстың сықырлаған аязында қуықтай үйді паналап жүрген отбасының жағдайын көрген жергілікті билік басшылары кәсіпкерлерге қолқа салды. Міне осылайша Түркістан облысының кәсіпкері тұрмысы төмен отбасыға баспана сыйлап сауапты іс жасады.
Бұрын қабырғасы құлаған, шағын құжыраны жалдап отырған отбасы жайнаған жаңа үйге кіргенде көз жасына ие бола алмады. Сонымен қатар қамқорлық жасаған кәсіпкер отағасын өзінің жеке шаруашылығына маусымдық жұмысқа қабылдады.