ТҮРКІСТАНДЫҚ БІР ТОП ЖУРНАЛИСТ​ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНА КЕЛІП, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫНА ҰЙЫТҚЫ БОЛДЫ

​ ​ ​ Тасқын судан зардап шеккен​ Мақтаарал​ ауданының тұрғындарына көмек беру ісінен Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы журналисттер қауымы да шет қалған жоқ. Бір топ БАҚ өкілі ең алдымен Мақтаарал ауданы Ізгілік ауылы Т.Әубәкіров атындағы орта мектебінде орналасқан Жаңатұрмыс ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда қазір тасқын судан зардап шеккен​ 207 адам орналастырылған. «Үш мезгіл тамақ беріледі. Арнайы медицина мамандары тексеру жүргізіп, денсаулығымызға күтім жасауда. Азық-түлік, киім-кешектен еш тапшылық жоқ» дейді жаңатұрмыстықтар. Журналисттер қауымы осындағы 207 адамның түске асын әзірлеу үшін бір қойды құрбан шалып, сондағы ақсақалдардың батасын алды.​ Мұнан соң тілшілер тобы Атакент кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепке арнайы барып, ондағы оқушыларға су жаңа плазмалық теледидар тарту етті. Сондай-ақ, олар облыстық штаб қоймасының жұмысымен танысып, толассыз келіп жатқан гуманитарлық жүк​ керуенінің жетекшілерімен тілдесті.​ Тілшілер назарынан Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің еріктілер клубының жұмысы да тыс қалған жоқ. Штаб жиналысына қатысқан Түркістан облыстық журналистер одағының төрағасы Ғалымжан Елшібай ерікті жастардың жұмысына сәттілік тілеп, үйі су астында қалған әріптесіміз, Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековке одақ мүшелері атынан көмек ретінде 300 мың теңге табыс етті. Ол сондай-ақ тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал халқына ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен «Егемен Қазақстан газеті» АҚ-ның президенті​ Дархан Қыдырәлінің ыстық ықыласы мен сәлемдемесін жеткізді. Журналист қауым мұнан соң Мырзакент кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері 96 жастағы Сайтмұрат Күзжановтың шаңырағында болып, майдангерге мерекелік сый-сияпатын табыс етті. Сонымен қатар, олар Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың қабылдауында болып, тасқын су зардабын жою, тұрғын үй құрылыс жұмыстарын жүргізу, шығын төлемдерінің қалай жүзеге асатыны туралы пікір алмасты.​ Өз кезегінде сөз алған аудан басшысы қиын-қыстау кезеңде мақтааралдықтарға қол ұшын созған жорналшы қауымға алғыс білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *