Түркістан облысы әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарының барысы жайлы айтылды. Жаңадан іргесі қаланған ықшам ауданда тәулік бойы құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда құрылыс алаңына 600-ге жуық жұмысшы тартылған. Олардың жартысынан астамы Жетісай мен Мақтаарал ауданының тұрғындары. Жоспардағы жұмыстарды жүйелі бітіруге асыққан ағайын, тапсырылған тірлікті тиянақты бітіруге дайын. Жоғарыда аталған ауданда су алған үйлердің, мал басы мен егістік алқаптарының құжаттары жинақталып, сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен баспаналарды бағалау жұмыстары арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.
Ауданға Нұр-Сұлтан қаласынан бастап, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарынан көмектер ағылып келуде. Бүгінгі таңда облыстық штаб қоймасына 408 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналған. Бұдан бөлек, тұрғындар тарапынан тұрмысқа қажетті қысқа толқынды пеш, үтік, теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машиналарына тапсырыстар көптеп түсуде.