Мақтаарал ауданындағы орын алған төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» КММ-нің ұжымы су басқан аймақтағы тұрғындар уақытша орналасқан эвакуациялық орталықтарға арнайы келді. Тосыннан болған апаттан әбігерге түсіп, күйзеліске ұшыраған тұрғындарды рухани қолдау және балаларға қуаныш сыйлау мақсатында Атакент кентіндегі N5 Мақтаарал мектеп-гимназиясында орналасқан бүлдіршіндерге анимациялық фильмдер көрсетті.
Түркістан облысында түсірілген тарихи туындылар мен тәрбиелік мәні жоғары мультфильмдер балалардың көңілінен шығып, керемет көңіл-күй сыйлады.
Екі күнге жоспарланған іс-сапар барысында мекеме қызметкерлері барлық эвакуациялық орталықтарға барып, көрсетілімдер жасамақ. Бұл туралы «Оңтүстікфильм» КММ-нің директоры Нарикова Райхан мәлімдеді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы су басқан Жеңіс, Нұрлы жол, Жантақсай, Жаңа тұрмыс, Өргебас, Фердауси ауылдарында бұған дейін 5 мектеп орналасса, бұл білім ұяларында 1820 оқушы дәріс алып келген. Сонымен қатар, 6 балабақша жұмыс істеп келсе, онда 425 бүлдіршін тәрбиеленіпті. Қазіргі таңда бұл оқушылар мен бүлдіршіндер эвакуациялық орталықтарда орналасып, қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы білім алуда.