Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 16 жүк көлігімен 180 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Ал кеше Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, 8 жүк көлігіне тиелген 98 тонна азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тұрмыстық заттар жөнелтілген болатын.
Көмек керуені жолға шығар алдында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев ақжол тілеп, қайырымдылық көмекке атсалысқан этнос өкілдеріне алғыс білдірді.
Соның ішінде Алматы өзбек этномәдени бірлестігі, Қазақстан ұйғырларының Республикалық этномәдени бірлестігінің филиалы, Алматы қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігі, Қазақстан Дүнген қоғамының Алматыдағы филиалы, сондай-ақ «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі және басқа да орталықтардың еңбегін айрықша атап өтті.
Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 4 мамырда Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету акциясын бастап, этномәдени бірлестіктерден түскен қаржы көлемі 23 млн. 325 мың теңгені құрағанын жеткізді. Алматыда 98 тонна күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар мен химиялық заттар, азық түлік және басқа керек-жарақ жиналса, Жамбыл облысы Қордай ауданы 5 млн. 500 мың теңгеге азық-түлік жөнелткен. Гуманитарлық көмек тиелген керуендердің жалпы саны — 20 жүк көлігін құрайды. Олардың ішінде Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығы, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы ұйғыр этномәдени бірлестігі, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды түрлі этнос өкілдері бар. Мұнымен бірге Кентау қаласы Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығынан көмек келіп жетті.
Аталған гуманитарлық көмекті Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Тұрсынбай Ғабит бастап келді. Сондай-ақ, Мырзашөлге жеткен керуенді Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Балабиев, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Рысбеков Ғани Құрмашұлы мен түрлі этномәдени бірлестіктің төрағалары мен мүшелері күтіп алып, алматылық ағайындарға зор алғыстарын білдірді.