«Лексус» автокөлігін тізгіндеген жүргізуші, полицейге қарсы түрлі жаман сөздер айтып, балағаттап кеткен. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға Түркістан қаласында орналасқан блок-бекетте орын алды. Тәртіп сақшылары жүргізушіден көліктен шығуын, сабырға келуін сұрайды, бірақ тұрғын заңды талаптарға бағынбай, өзінің дөрекі мінезін көрсете бастайды. Осылайша билік өкілін өз қызметтік міндеттерін атқару барысында қорлап, аузына келгенін айтқан тәртіп бұзушының іс-әрекеті ҚР ҚК-нің 378-бабының 1 бөлігінде көрсетілген «Билік өкілін қорлау» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы полицейлері өз кезегінде автокөлік иелеріне жол қозғалысы ережелерін сақтауға, сондай-ақ карантин режиміндегі шектеулерді бұзбауға кеңес береді. Сіздердің саулықтарыңыз үшін қызметте тұрған тәртіп сақшыларына қарсылық танытпауларыңызды ескертеді.