Мақтаарал ауданы Жаңажол ауыл округіне қарасты Фердауси, Өргебас, Жеңіс ауылдарында топан судан зардап шеккен үйлерді бұзу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Жеңіс елдімекеніне жауапты боп бекітілген Шардара ауданы әкімдігі зақымдалған 66 тұрғын үйді бұзу жұмыстарымен айналысуда. Бұл жұмыстарға Шардара ауданынан күнделікті 30 адам мен 11 арнайы техника тартылған.
«Аталған жұмыстарға Шардара ауданынан күнделікті 30 адам тартылып отыр. Бүгінгі таңға жалпы 410 адам және 11 техника күндіз-түні тоқтаусыз еңбек етуде. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың өтініштері бойынша жалғасын тауып келеді»,- дейді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев.
Сондай-ақ, мұндай жұмыстар Өргебас пен Фердауси ауылдарында да атқарылуда. Бүгінге дейін Фердауси ауылында 14 көше тазартылып, 200 үйде бұзу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңға аталған елдімекеннен 200 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылыпты. Бұл жұмыстарға ауылға жауапты Келес ауданы әкімдігі 130 адам мен 11 техника жұмылдырған.
Ал, Өргебас ауылына жауапты Жетісай ауданы. Мұнда бүгінде 189 үй бар болса, соның 162-інде бұзу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, 31 үй бұзылып, алаңшасы іргетас құюға дайындалуда. Бүгінгі таңда Өргебаста 8,5 млн теңге алу үшін 169 адам келісімшартқа отырып, оның 164-не қаржы аударылған. Бұзу және қоқыстарды шығару жұмыстарын Өзбекстаннан келген 4 эксковатор, 2 камаз, 1 жүк мен бульдозер және 30 әскери адамдар атқаруда. Жалпы ауылда жұмыс істеп жатқан адам саны 205-ке жетіп отыр. Оның 30-ы Өзбекстан азаматы, 5-і Жетісай, 20-сы А. Қалыбеков ауылдық округінен келген бригада, қалған 150-і жергілікті тұрғындар.