Түркістан облысында полицейлер төлем терминалын бұзған күдіктіні ұстады. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 мың теңгені құрады. Бұл туралы полиция.кз хабарлайды.
Қылмысты ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі криминалдық полиция жедел уәкілдері мен учаскелік инспекторлар қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.
Түлкібас АПБ-нің полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктіні ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полиция қызметкерлері жас жігіттен шеге суырғыш, бетперде, қолғап және басқа да айғақты заттарды тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.