Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңсыз іс-әрекеттен немесе мемлекеттік қызметкерлердің немқұрайлы әрекетінен қорғау – саяси және әлеуметтік маңызды міндет.
Қазақстан тарихында прокуратура азаматтардың мүдделерін қорғаушы, әрдайым заңның үстемдігін қамтамасыз етуде жетекші орынға ие мемлекеттік орган болып келеді. Сол үшін прокуратура «мемлекеттің қырағы көзі» деп аталады.
Әскери прокуратуралардың көптеген міндеттері бар. Ол әскери қызмет үшін қауіпсіз жағдайларды жасаудан басталып, әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін қорғау, атап айтқанда, зейнетке шығу, тұрғын үй және медициналық қызмет көрсету құқығын жүзеге асыруға дейін жалғаса береді.
Әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы қатаң сақтау-Қарулы Күштердің жауынгерлік даярлығы мен әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегіжұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жарияланған жыл сайынғы Жолдауында барлық әскери шығындарды жеңілдетуді, әскердегі қаржылық және жалпы тәртіпті күшейту қажет деп мәлімдеді. Сондай-ақ, әскери қызметтің беделін, Қарулы Күштердегі материалдық жабдықтың деңгейін көтеру туралы да баса айтты.
Дәл осы қағидаттар әскери прокурорлардың қызметіне негізделеді. Аталған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, прокуратура әскери қызметшілердің, оның ішінде әскери қызметтен босатылған тұлғалардың заңды құқықтарын қорғауға қатысты белсенді жұмыстар жүргізуде.
2019 жылдары және өткен кезеңдер деректеріне сүйенсек, Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының қадағалау актілері бойынша 50 млн. теңгеден аса ақшалай жәрдемақыларын, тұрғын үй өтемақыларын және зейнетақы төлемдері өтеу арқылы 911 әскери қызметкердің құқығы қорғалып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, төтенше жағдай кезеңінде де әскери қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселелер туындады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылдың 16 наурызы мен 11 мамыры аралығында коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты, Республика аумағында төтенше жағдайдың енгізілгені белгілі.
Төтенше жағдай кезеңінде Шымкент және Арыс гарнизондарындағы әскери бөлімдердің әскери қызметкерлері, басқа да өңірлер мен гарнизондардың әскери қызметкерлерімен бірге карантиндік іс-шараларға тартылды (дезинфекциялау жұмыстары, бақылау бекеттерін күшейту және патрульдеу).
Шымкент қаласы мен Түркістан облысының аумақтарына 21 бақылау бекеттері қойылып, оларды күшейтуге Қорғаныс министрлігінен, Ұлттық гвардиядан және Қарулы Күштердің әскери полициясынан 1400-ден аса әскери қызметкерлер тартылды.
Сонымен қатар, бақылау бекеттерін тексеру нәтижелерінде, төтенше жағдай кезеңінде әскери қызметті тиісінше өткеруге кері әсерін тигізетін бірқатар өзекті мәселелер анықталды.
Атап айтқанда, әскери қызметшілерді тамақпен, дезинфекциялық құралдармен, қосымша азық үлесімен (яғни сиыр сүтімен), электр жарығымен уақтылы қамтамасыз етпеу және басқа да деректер орын алды.
Карантиндік шараларға тартылған Шымкент гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметкерлері полимерлік-тізбекті реакция әдісімен (сонымен қатар экспресс тестілеу) тестілеуден өткізілмеген.
Бұл ретте, ҚР Бас санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен жоғарыда аталған мәселелердің шешілуі жергілікті атқарушы органдарға жүктелген болатын.
Шымкент қаласы мен Түркістан облысының шұғыл штабтарының басшыларына прокурорлық қадағалау актілерін енгізгеннен соң аталған кемшіліктер жойылды.
Осыған байланысты, әскери прокуратура органдарының қызметі азаматтардың осы санаттарының құқықтық қорғалуын қамтамасыз етуге және әлеуметтік саладағы заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталуы керек.
Қадағалау шараларының нәтижелері әлеуметтік қорғау мәселелерінің толық шешілмегенін көрсетеді, бұл әскери басқару органдары қызметінің сапасын жақсарту үшін қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
Бұл өзекті мәселелерді шешу тиісті шараларды кешенді қолданумен және барлық деңгейдегі құқық қорғау органдары мен басшылықтың бірлескен күшімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
Осы бағыттағы күш-жігерді жалғастыру маңызды. Жоғарыда аталған мәселелерді әрі қарай жүйелі түрде дамыту, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғау және қалпына келтіру жөніндегі жедел шараларды жүзеге асыру- қорғаныс саласын күшейтуге және әскери қызметтің беделін көтеруге мүмкіндік береді.
Бақытжан Нұрмаханбетов
Шымкент гарнизоны
әскерипрокуратурасының
аға прокуроры, әділет майоры