Созақ ауданының тұрғыны Серікболсын Аманбайұлы 1 жылда 6 жарым келі тиын жинаған.
5-сынып оқушысы жыл бойы ақша жинап, жаз айларында қыдыруды әдетке айналдырған. Биыл да сол дәстүрден айнымай, 1 жыл бойы қомақты қаржы жинақтап, үш ай демалыста Шымкент қаласына қыдырып барып, өзіне қажетті заттарды алуды ниет еткен. Алайда, Арыстағы жойқын жарылыстардан қала тұрғындарының қатты зардап шеккенін естіп, өзі секілді балалардың өміріне алаңдап, бар жиған ақшасын арыстықтарға беруді жөн санапты. Сөйтіп, жиған-тергенін Таукен кентінің әкімдігіне тапсырған.
Серікболсынның бұл жомарттығы оңтүстік жұртын тәнті етті. Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов 5-сынып оқушысы мен оның ата-анасына алғысын білдіріп, велосипед сыйлады.
«Серкіболсындай жас өреннің көпшілікке үлгі блар ісі көкейге қуаныш ұялатты. Егеменді еліміздің болашағы болар жас толқынға деген сенім осы игі іс арқылы бұрынғысынан нығая түсті деп санаймын», – дейді аудан басшысы.