Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «Сұңқар» жазғы сауықтыру лагерінің тәрбиешісі демалысқа келген балаларды балағаттап, ұрып-тепкені бейнеленген видео әлеуметтік желіде жарияланды деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жағдайдан хабардар болған ата-аналар лагерьден балаларын алып кетуге келіп жатқан көрінеді. Онда демалып жатқандардың дені Түлкібас ауданынан келген балалар екен. Біздің өңірдегі тілшімізбен телефон арқылы байланысқа шыққан ата-ананың бірі Ерлан Әубәкіров, «Сұңқар» жазғы сауықтыру лагеріне келіп тұрғанын, әзірге іште не болып жатқанын толық біле алмай тұрғанын хабарлады. Ал, Төлеби ауданы әкімдігіндегілер орын алған жағдайға қатысты аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. «Төлеби ауданы Алатау ауылдық округінде орналасқан жекеменшік «Сұңқар» балалар лагерінде орын алған оқиғаға байланысты Төлеби ауданы әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыс жасауда. Жұмысшы топтың мүшелері: аудан әкімінің орынбасары Р.Бейсебаева, «Nur Otan» партиясы Төлеби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Қансейтов, аудандық білім бөлімінің әдіскері Қ.Смаилова, Төлеби АПБ ЖҚП ЮПТ учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты А.Тұраров, Төлеби аудандық аға учаскелік полиция инспекторы Ш.Байболов. Бұл жәйт Төлеби аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 140- бабының 2-тармағы бойынша тіркелді», – деп жазады хабарламада.