26 мамырда Алматыдағы «Сұңқар» шаңғы трамплині халықаралық кешені аренасында ұлттық күрес — белдесуден екінші республикалық турнир өтеді. «Халық барысы-2019» атағы үшін мыңнан астам спортшы белдесетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 20 млн теңге. Жарысқа 18 бен 50 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады. Міндетті шарт — әрбір қатысушының салмағы 70 келіден асуы тиіс. Белдесулер Қазақ күресі республикалық федерациясы бекіткен ережеге сәйкес өтеді. Турнир ұлттық спорт түрлерінің танымалдығын арттыру және оған жастарды баулу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр.