Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан 60 бозбала Отан алдындағы борышын өтеу үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты әскери бөлімдерге аттанды. Жас сарбаздар әскери ант қабылдаған соң, шекара бекеттерінде еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын болады.
— Сарбаздарға ақ жол тілеп, үлкен үміт пен міндет жүктеп шығарып салғалы тұрмыз. Барлығы кешенді тексеруден өтіп, жан-жақты дайындықпен бара жатыр. Әскерге 18-27 жас аралығындағы жігіттер алынды. Жас сарбаздар алдағы уақытта да Қарулы Күштерге, Шекара қызметіне, Ұлттық гвардияға және Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі. Әскери борышын өтеп келген соң, офицерлік жолды таңдап, көптеген салаларда қызметке орналасып жатқандары да бар. Жас сарбаздарға азаматтық борышын лайықты түрде өтеп, анттарына адал болуды тілеймін , — деді Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары-Жасақтау басқармасының бастығы подполковник Ә.Шынтаев.
Іс-шарада ҚР Қарулы Күштері ардагерлері атынан Б.Алдабергенов сөз алып, жас сарбаздарға Отан қорғаудың — жауапты іс екендігін жеткізді.
— Отан қорғау — жауапты іс. Бұл қызметті абыроймен атқарады деген сенімдеміз. Отанды білекпен емес, жүрекпен қорғау керек. Оңтүстік жерінен қаншама батырлар мен генералдар шыққан. Сондықтан өңіріміздің абыройын асқақтатып, Отан алдындағы борыштарыңызды адал өтеп келулеріңізге тілектеспін,- деді Б. Алдабергенов.
Іс-шараға Шымкент қаласы мен Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығы, сондай-ақ ҚР ҚК ардагерлері мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты.
Жалпы осы күзде Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан 2500-нан астам шақыру жасындағы азаматтар ҚР Қарулы Күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық ұлан әскери бөлімдері қатарына Отан алдындағы борышын атқару үшін аттанатын болады.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.