ЕЛ ТІРЕГІ-2019: ЕРЛІК САБАҚТАСТЫҒЫ

   Өскелең ұрпақты отаншылдыққа, патриоттық тәрбиелеу – заман талабы. Осы мақсатта Шымкент қаласындағы №68 жалпы орта білім беретін мектебінде «Жас сарбаз» мамандандырылған әскери сыныбы ашылды. Шараға Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті және қалалық білім басқармасының өкілдері, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері мен жас сарбаздардың ата-аналары қатысты. Салтанатты шарада аталған мектептің 30-ға тарта 6-сынып оқушылары ант беріп, «Жас сарбаз» сыныптарына ресми түрде қабылданды.
         «Жас сарбаз» сыныбында оқитын балалар түске дейін негізгі пәндерді өтсе, түстен кейін әскери дағдыларды үйренеді. Яғни олар мектеп жасынан бастап, әскери пәрмендерді, саптық-жүріс, қаруды бөлшектеп жинау ережелерін меңгеріп, алғашқы әскери дайындық пәні бойынша білімдерін тереңдетеді. Аталған сыныпқа, денсаулығы мықты, сабақ үлгерімі мен  тәрбиесі жақсы оқушылар қабылданады. Себебі «Жас сарбаз» сыныбының тәрбиеленушілері барлық жағынан өзге қатарластарына үлгі болуы қажет.
      Жас сарбаздардың бір күнімен танысуға келген ардагерлер болашақ жауынгерлердің аз уақыттың ішінде жинаған тәжірибелеріне оң баға берді. Сондай-ақ, аға буын өкілдері оқушыларға әскери сала жайында әңгімелеп, жауынгерлік дәстүрі туралы «Ерлік сабағын» өткізді. Ерлік сабағы аясында ардагерлер оқушыларды Отанды, елді, жерді қорғайтын патриот болуға шақырды. Аталған шара ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ел тірегі-2019» акциясын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды.
          Айта кетейік, 2018 жылы 11 қазанда еліміздің Қорғаныс министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында өзара меморандум түзіліп, бүгінде игі  бастама өз жемісін беріп отыр. Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 600-ден астам әскери-патриоттық клубтар мен 15-ке жуық «Жас сарбаз» әскери сыныптары ашылған. Сондай-ақ биылғы оқу жылында пилоттық жоба негізінде Шымкент қаласындағы №80 мектеп-гимназиясында «Смарт Сарбаз» IT бағытын тереңдетіп оқытатын арнайы мамандандырылған сыныбы ашылған болатын. Бүгінде аталған сыныптың оқушылары әскери салаға қажетті роботтардың озық үлгілерін құрастырып, жарыстарда үздік нәтижелер көрсетуде.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *