ҚАЗАҚТАР ҚАТЕРЛІ ІСІКТІҢ ҚАЙ ТҮРІМЕН КӨП АУЫРАДЫ?

Фото: Depositphotos.com

Nege.kz сайтының хабарлауынша бюджеттен бір науқасқа жылына 30-40 млн теңге бөлінеді екен.
Нұрлан Балтабеков
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары:
– Бізге емделушілер кеш келеді. Бірінші себеп, бізге сенбейді. Неге? «Ауруханаға барсам да, бәрібір өлемін» деп ойлайды. Сол үшін ақпарат құралдары үнемі жұртты хабардар етіп отырса дейміз. Егер науқас қатерлі ісіктің бірінші сатысында болса, 80-90 пайыз емделіп кетеді. Яғни, бірінші сатысында тек ота жасалуы мүмкін. Бұл кезде химиятерапия қажет те емес. Науқастың өмір сүру сапасы жақсарады. Бір айта кетерлігі, бұл дерт бірінші сатысында байқалмайды. Еш жері ауырмауы мүмкін. Әсіресе, ауылдағылар емханаға бас сұқпайды. Сол үшін ерте анықтайтын тегін скрининг бар.
40-50 жасқа келдіңіз бе, уақытты созбай емханаға бару қажет. Мәселен, сүт безі қатерлі ісігі анықталған науқас І сатысында келсе, әрі кетсе 130 мың теңге кетеді. Ал мемлекет қатерлі ісіктің ІІІ-ІV сатысымен ауыратын бір адамға жылына 30 млн теңге бөледі. Алайда, асқынған кезде нәтижесі де болмайды, көп ұзамай ана өмірге аттанып кетеді. Бүкіл республика бойынша сүт безі қатерлі ісігіне 4,5 мың адам шалдыққан. Қаншама ақша кететінін есептей беріңіз. Бір уколдың өзі 600 мың теңге тұрады. Халық дәрі-дәрмектің бәрі тегін екенін білмейді. Содан келіп жұрт бізді, яғни дәрігерлерді балағаттайды. «Біздің медицина нашар, үкімет ақша бөлмейді» деп шығады. Жамандай бергенше, Үкіметке алғыс айту керек. Себебі, онкология ауруларына көп қаржыны Франция, Германия, Оңтүстік Корея, ал ТМД бойынша Қазақстан ғана бөліп отыр. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді.
Бұрын жылына дерттің ІV сатысымен келген науқастардың 80 пайызы қайтыс болатын, ал қазір 3-4 жылға дейін өмір сүреді. Әр адам денсаулығына жауапты болуы керек қой. Дәрігердің айтқанын уақытында орындау тиіс.
– Қазір қатерлі ісіктің қай түрі кең тараған?
– Әйелдер арасында сүт безі обыры, ал ер азаматтарда өкпенің қатерлі ісігі көп. Екінші орында, тоқішек және тікішек қатерлі ісігі. Үшінші, қазақтардың дені асқазан, өңеш қатерлі ісігімен ауырады. Қазақта мұны қылтамақ деген. Әзірге еркектер арасында өкпенің қатерлі ісігі салыстырмалы түрде тұрақтанды. Керісінше, бұл ісік әйелдер арасында кең таралып барады. Неге? Қазір темекі тартатын әйелдер көп. Ең өкініштісі, алдыңа келген әйелден «темекі тартқаныңызға көп болды ма?» деп сұрасаң, «20 жыл болды, ермек үшін тартам» дейді. Тағы бір ер азамат күніне 2 қорап темекі тартатынын айтты. Осы ма денсаулыққа деген жауапкершілік?
– Сонда дәрігер алдына кеш келетін кімдер?
– Шынын айтсам, қатерлі ісікке шалдыққандардың 60-70 пайызы – орыстар. Қазақтар аз. Мысалы, Қостанайда өкпе, тоқішек қатерлі ісігі көп болса, Шымкентте өңеш-асқазан, ұйқы безі ісігі көп. Қазақ етті көп жейді. Бірақ жатар орынға етті көп жеуге болмайды. Жеген асты міндетті түрде қорытып, сіңдіру керек. Біріншіден, артық салмақ, екіншіден, тоқішекте қалған ет обыр клеткасын оятады.
– Айталық, шалғайдағы ауылдан ІІІ, ІV сатыдағы науқас анықталды делік. Ол сіздердің институтқа жеткенше жолдама алып, порталға кезекке тұруы керек. Бұл кезде науқастың дерті асқынып кетуі әбден мүмкін. Осы процесті жылдамдатуға болмай ма?
– Бұл – өте үлкен мәселе. Кемінде 6-8 ай уақыт кетеді. Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі осы мәселеге септігін тигізеді деп үміттенеміз. Әрине, дерт анықталса, ол тез арада ағзаны меңдеп алады. Мұны айтудай-ақ айтып жүрміз. Өңір бойынша, Қостанай, Ақмола, Павлодарда қатерлі ісігі көп тіркеліп жатыр. Қарағанды, Өскемен, Таразда жағдай бірқалыпты. Ал Түркістан облысында сүт безі қатерлі ісігі аз. Неге? Бұл өңірдің әйелдері темекі тартпайды. Бастарына орамал тағады. Бірақ дәрігердің алдына бармай, жүре береді. Денсаулыққа деген немқұрайлылық басым. Әр емханада әйелдерді жеке қарайтын бөлме бар. Кейбіреулер осы бөлмені аттап, басқа дәрігерге қаралғысы келеді. Бұл дұрыс емес. Әйел әуелі жатыр мойнын тексерту қажет.
– Сіздіңше, өңірдегі дәрігерлердің білімі мен білігі сай емес пе?
– Ең алдымен, дәрігердің өзі үлгі болуы керек. Ауылдағы онкологтар дәрігер емес, жәй үйлестіруші. Мысалы, аудандық жерде терапевт дәрігер 200 мың теңге, онколог 60 мың теңге алады. Сосын бұл салаға кім келеді? Жастар да басын алып қашады.
– Сонда халық та, медицина да дайын емес қой…
– Мәселе сонда. Пәленбай ақшаны өлімге айы-күні жетіп тұрған науқастарға беріп жатырмыз. Мұны емге емес, дертті ерте анықтауға, алдын алуға жұмсау керек қой. Мәселен, дәрігер науқастың дертін алғашқы сатысында анықтаса, оған сыйақы тағайындау қажет. Сосын дәрігерлердің өзі жүгіріп жұмыс істейді. Қазір Қарағанды облысы осы үрдісті жемісті түрде енгізіп отыр. Нәтижесі өте жақсы.
– Балалар арасындағы қатерлі ісікті қалай анықтауға болады? Алғашқы белгілері қандай?
– Балалардағы қатерлі ісікті анықтау қиын. Кішкентай бала жылайды. Оның ағзасында өскен сайын көп өзгеріс болады. Оларға скрининг жасауға болмайды. Мұны тек педиатрлар ғана біле алады. Сондықтан еліміз медициналық оқу орындарында педиатр мамандарды дұрыс дайындау керек.
Қазір балалар арасында қатерлі ісікпен ауыратын 500 бала тіркелді. Соның ішінде ми, сүйек обыры көп. Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Өскемен, Семейден шығып жатыр. Оның дені химия, сәуле терапия алып, ем қабылдауда. Бұл өңірлерде өндіріс ошақтарының көптігі адам ағзасына зардабын тигізуі әбден мүмкін. Ашығын айтқанда, нәтиже онша емес.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *