Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. «Түркістан» сарайында өткен есепті кездесуде әкім 2019 жылы қаланың экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады.
Есепті жиынға қатысқан бір мыңнан астам тұрғыннан бөлек, шымкенттіктер қала басшысының есебін қала әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebook парақшасында жүрген тікелей эфир арқылы да тыңдады.
Өткен жылы қалада біршама жұмыстар атқарылғанын айтқан қала әкімі жоспарлы индикаторларға қол жеткізілгеніне тоқталып өтті. Мәселен, өнеркәсіп өнімі 2018 жылмен салыстырғанда 15 пайызға өссе, ауыл шаруашылық өнімі 6,3 пайызға, жаңа тұрғын үйлер 19,2 пайызға, ал, бөлшек сауда 7,1 пайызға артқан.
«Республика бойынша индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында Шымкентте 3 жылда 24 кәсіпорын ашылып, 1300 тұрақты жұмыс орны пайда болды. Ал, өткен жылы «Альянс» компаниясының жіп иіру фабрикасы қайта іске қосылды. Ол бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған еді. Қалада 2 индустриялды аймақ тиімді жұмыс істеуде. Қазіргі таңда, 64 млрд.теңге инвестициялар тартылып, 72 жоба іске қосылды. Осының есебінен 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, бюджетке 13,4 млрд.теңге салық түсті»,-деді М.Әйтенов.
Өз баяндамасында Мұрат Дүйсенбекұлы алдағы 3 жылда шетелдік инвесторлардың қатысуымен кемінде 15 жоба іске асырылып, оған 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылатынына тоқталып өтті. Нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталған әкім өткен жылы аталған саламен 29 млрд.теңгенің өнімі өндірілгенін мәлім етті. Оның айтуынша, салаға соңғы 3 жылда 2,6 млрд. теңге инвестиция салынып, 56 гектар жерге жылыжай және 215 гектар жерге қарқынды бау егілген. Ал, етке 24 мың бас ірі қара бордақыланып, 111 жанұялық сүт фермасы ашылған. Бұл мақсатқа бюджеттен 3 млрд.теңге субсидия төленген.
«Биыл субсидия көлемін 4 млрд. теңгеге дейін көбейттік. Алдағы 3 жылда 7 сүт фермасы ашылады, 36 мың ірі қара бордақыланады. Үлкен 3 құс фермасы іске қосылады. 1600 гектар қарқынды бау егіледі. 92 гектар өндірістік жылыжай салынады. Бұдан бөлек, агроиндустриалды аймақ жобасы іске асырылады. Бұл өнім көлемін 40 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді», деді әкім.
Есепті жиында шаһар басшысы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жоспарымен бөлісті. Яғни, алдағы үш жылда бизнестің жол картасы және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 300 жобаға қолдау көрсетілмек. Ондағы жобалардың құны — 3,3 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде салада жұмыс істейтіндер саны 148 мыңнан 175 мың адамға дейін көбейеді. Жалпы өнімдегі үлесі 27 пайыздан 33 пайызға жеткізілмек.
Қалада инженерлік инфрақұрылым өзекті мәселе. Оның бірнеше себебі бар. Халық саны жедел өсуде. Жаңадан 41 елді мекен қалаға қосылды. Осының салдарынан магистралды жүйелердің қуаты жетіспеуде. Алдағы 3 жылда осы мәселені барынша шешуге жұмыс істейтін боламыз. Халық алдындағы есепті кездесуінде осылай деген қала әкімі биылғы жылы 140 мың халқы бар тасымал арқылы су ішіп отырған 8 елді мекен және жартылай сумен қамтылған 5 елді мекеннің мәселесі шешілетінін айтты.