«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған іс-шара өтті. Оған облыстың түкпір-түкпірінен түрлі салада жетістікке жетіп жүрген 20-дан астам ардақты ана, қыз-келіншектер шақырылды. Олардың арасында спорт, мәдениет, медицина, кәсіпкерлік, білім, журналистика саласының өкілдері мен көпбалалы аналар бар. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ардақты аналар мен қайсар қыздарымыздың қоғамды дамытудағы еңбегі зор екеніне тоқталды.
«Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының 85 мыңнан астам мүшесі бар. Оның елу мыңдайын әйелдер қауымы құрайды. Осыдан-ақ біздің қыз-келіншектердің саясатта, қоғамда белсенді әрі елге жанашыр екені байқалып тұр. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшылығының тікелей қолдауымен Түркістан облысы түрленіп, Түркістан қаласы гүлденіп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының «Үйлер, ғимараттар салына береді. Бірақ, біз құрылыспен бірге мәдениетті, білімді көтеруді, дәстүрді жалғастыруды ойлауымыз керек» деген сөзі бар. Сіздер қоғамның түрлі саласында елге қызмет етіп, жас ұрпақты тәрбиелеп жүрсіздер. «Nur Otan» партиясы сіздерді қабылдауға, мәселелелеріңізді шешуге көмектесуге, бірлесіп жұмыс істеуге әрқашан дайын. Партияның кадрлық резервіне әйелдер қауымын көбейту бағытында да нақты жұмыс жүріп жатыр», – деген Б.Дәулетұлы мереке иелеріне сый-сыяпатын тапсырды.
Мерекелік жиында білікті ұстаз, кентаулық Гүлдариға Жұмагелдиева ілтипат білдірген партия филиалына алғысын айтып, сіңлілері мен замандастарын, әпкелерін мерекемен құттықтады. Ал партия ардагері, өңірдің дамуына еңбегі сіңген Таскүл Махмудова мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларды қолдауға, әйелдердің қоғамның сан саласында жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше осы күні тоғызқұмалақтан әлемнің 9 дүркін чемпионы Әсел Дәлиева, самбошы Айжан Жылқыбаева, көпбалалы ана Ақнұр Берікқараева мен көпбалалы кәсіпкер Бибімария Тұрмаханова және өзге де әйелдерге құрмет көрсетілді.
Әсерлі кеште марапатқа ие болған түркістандық әнші аналар жетігенмен ән шырқаса, ақ жаулықты әжелер ақ баталарын жаудырды.