Түркістан облысында полицейлер есірткі сатумен және сақтаумен айналысқан күдіктілерді ұстады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.
Түлкібас АПБ-нің полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Күдіктіден айғақты зат ретінде өсімдік тектес есірткі заты бар орама алынды. Сот-криминалистикалық сараптамасына сәйкес тәркіленген заттың салмағы шамамен 20 грамм болатын «кептірілген марихуана» екендігі анықталды.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде, ағымдағы жылдың 6 наурызында Түркістан қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері Арыс-Түркістан тас жолында Отырар ауданы тұрғынының басқаруындағы «ВАЗ» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тінту кезінде автокөлік салонынан жедел уәкілдер есірткісі бар полиэтилен пакеттерін тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген есірткі затының салмағы шамамен 60 грамм болатын «кептірілген марихуана» болып шықты.
Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын сақтау мен өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Тәртіп сақшылары азаматтарға зиянды әдеттерден бас тартып, әрдайым спортпен шұғылдануды және салауатты өмір салтын ұстануды ұсынады.