Түркістан қаласында баспанасы тоналған тұрғын сан соғып қалды. Тапа-тал түсте ақшасы мен алтын бұйымдарынан айырылып қалған үй егесіне келген шығын 1,5 миллион теңгеден асады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабаның 3- бөлігі «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркелді. Ұрлықты ашу мақсатында тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Жедел уәкілдер қажетті іс-шаралар кешенін жүргізген. Нәтижесінде Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті екі күдіктіні құрықтады. Оның біреуі бұрын сотты болған. Тергеу барысында күдіктілердің осындай 6 пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге бірнеше миллион теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Белгілі болғандай, үй ұрылары жәбірленушілердің үйлерінің есіктерін қағып немесе терезелерінен ішінде ешкім жоқ екеніне көз жеткізіп алған. Содан кейін үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, терезелер мен ашық есік арқылы тұрғын үйлерге кіріп, бағалы заттарды, алтын бұйымдар мен ақшаны ұрлап кеткен. Ұрланған мүлікті жас жігіттер сатып алушыларға апарып сатқан, ал ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталғандардың Түркістан қаласының аумағында осындай басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлігіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Үйден шықсаңыз, тіпті аз уақытқа болсын кетсеңіз, сыртқы есіктер мен терезелерін сенімді жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіре берістерде бейне бақылау камералары мен күзет дабылын орнату қажет. Пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде «102» телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет, бұл полиция қызметкерлеріне қылмыстың «ізін суытпай» ашуға көмектеседі.