КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ БАРЛЫҚ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНУДА

Түркістан облысында коронавирус дертіне шалдыққан азаматтар жоқ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев хабарлады. Брифингке облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов қатысты.

Алғаш болып сөз алған Ж. Аманбаев өңірде көпшілік жиналатын жерлерде сақтық шараларын сақтауға шақырды. Жиын, кездесулерді азайтып, облыс тұрғындарына даурықпау керектігін айтты.

Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов өңірде 13 наурыздан бастап  өткізілетін барлық мерекелік, спорттық, мәдени, танымдық іс-шаралар тоқтатылатынын жеткізді.

«Түркістан облысы бойынша 907 мектеп, 1441 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Орта білім беру мекемелерінің оқушылары 16 наурыздан 5 сәуірге дейін 3 аптаға демалысқа шығады. Демалыс кезеңінде баланың жауапкершілігі ата-анада, сондықтан туристік нысандарға, кинотеатрларға бармауға шақырамыз. Әлеуметтік желілерде алып-қашпа қауесет сөздер көп таралуда. Бұл ретте барлық азаматтарға тек ресми ақпаратқа сенуді өтінемін», – деді Сәкен Амангелдіұлы.

Сонымен қатар, Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов Түркістан облысында коронавирус дерті анықталмағандығын айтты.

«Бүгінге дейін облыс аумағына келушілер арасында КВИ-ға күдікті науқастар тіркелген жоқ. Облыс бойынша коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды жатқызу үшін инфекциялық стационарларда 100 төсек орын дайындалған. Коронавирустық инфекцияға ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызу, диагноздарын анықтау мақсатында 240 төсек орынға провизорлық стационарлар қарастырылған. Барлығы – 340 орын. Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 орынға обсервациялық госпитальдар жоспарланған», – деді Нұрбек Садықбекұлы.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше бүгінгі таңда облыстық тұрақтандыру қорында қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндік бар. Қазір қорда 6546,6 тонна тауар өнімдері бар. Облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 11 атаулы тауардан 18 567 тонна өнім бар. Азық-түлік қоры жеткілікті. Сол себепті, базарға барып азық-түлікті көптеп алып, дүрбелең туғызуға негіз жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *