ЕЛДЕГІ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА ОРАЙ УАҚЫТША ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛДІ

Түркістан облысында коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес үшін алдын алу шаралары күшейтілді. Өңірдегі барлық мемлекеттік мекемелерде өтетін жиналыстарға қатысушылар саны шектеулі болуы шарт әрі олардың басым бөлігі онлайн режимге көшеді. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев апталық лездеме отырысында мәлімдеді.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 коронавирусының пандемия деп жариялауына байланысты елімізде төтенше жағдай жариялағаны белгілі. Кешенді шаралар халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Қазіргі жағдай еліміз үшін сын да сынақ та. Бізге темірдей тәртіп керек. Түркістан облысы халық саны жағынан көп шоғырланған өңір болғандықтан қауіп те еселей түседі. Біраз нәрсе әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты болып тұр. Дүрбелең мен шу ешкімге ештеңе бермеді, қайта керісінше жалпы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін. Сол себептен бұл жағдайды қабылдап, ел болып жұмылып, тосыннан келген індеттің бетін қайтару үшін белгіленген ережелерді бұлжытпай орындау керек», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

ҚР Президентінің Жарлығын іске асыру мақсатында өңірде пандемияға қарсы кешенді қауіпсіздік шаралары жүзеге асуда. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, Түркістан облысының аумағында уақытша шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері — оқушылар сарайлары, аула клубтары, үйірмелер, компьютерлік клубтар уақытша жабылады. Коронавирус қаупіне қатысты думанды шараларға қатаң тыйым салынды. Өмірзақ Естайұлы мерекелік, спорттық, мәдени іс-шаралармен қатар, отбасылық тойлар мен адам көп жиналатын еске алу шаралары орын алған жағдайда әкімдер тікелей жауап беретінін ескертті.

Сондай-ақ, өңір басшысының тапсырмасы бойынша облыстағы барлық ірі сауда нысандары мен базарларда санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жұмыс уақыты шектеледі. Кафе мен мейрамханалар қысқартылған жұмыс режиміне көшіп, келушілер санын 50 адамнан асырмауы тиіс. Карантин режимін сақтау, медициналық тексеруден және емдеуден жалтарған не эпидемиологиялық жағдайды анықтау үшін маңызды мәліметтерді жасырған азаматтарға қатысты бақылау күшейтілді. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер міндетті түрде қаптамада сатылуы тиіс.

Өңірдегі барлық медициналық және медициналық-әлеуметтік мекемелерге, әсіресе қарттар мен мүгедектер және балалар үйлерінде карантин жарияланды. Қоғамдық орындарда, мекемелерде, қоғамдық көліктерде жүйелі түрде санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүзеге асады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *