БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ «ҚАМҚОРЛЫҚ» АКЦИЯСЫНЫҢ ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

Түркістан облысында бастау алған «Қамқорлық» акциясы талай отбасының жағдайын жақсартуға септігін тигізіп келеді. Әсіресе, бұл акцияның шарапатына тұрмыс ахуалы мен күнкөріс деңгейі тым төмен жанұялар бөленуде. Сондай жандардың бірі — алты баланың анасы Сандыкүл Жиренбаева. 68 жастағы кейуана бүгінде Бәйдібек ауданы Шаян елді-мекенінде тұрады. Балаларының бәрі қалаға жұмыс іздеп кетіпті. Әзірге 2 немересімен қуықтай ғана үйде тұрып жатыр екен.

Таяуда немересінің бірі науқастанып қалып, қатты қиналғанын айтады. Дәл осы тұста облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен өңірімізде «Қамқорлық» акциясы бастау алған болатын. Міне, осы акцияның шарапаты Сандыкүл апамызға да тиіпті. Яғни, апамыз Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиевтің жеке қамқорлығына алыныпты. Шенеунік апамыздың хал-ақуалынан апта сайын хабар алып, қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр екен. Сондай-ақ, ол апамыздың науқастанып қалған немересінің дәрі-дәрмектерін толық сатып алып беріп, ем-дом қабылдауына да қол ұшын берген.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда Бәйдібек ауданы бойынша тұрмысы төмен отбасылардың саны 50-ге жуықтайды екен. Ал оның 6-ы Шаян елді-мекенінде тұрады. Таяуда «Қамқорлық» акциясы аясында аудандағы бір отбасы баспанаға қол жеткізсе, тағы бір отбасы баспанасының ескірген шатыры жаңартылыпты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *