Келес ауданының полицейлері кезекшілікпен мал ұрлығының алдын алу мақсатында аудандағы мал базарларда тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады. Әрбір сатылатын малдардың құжаттарының бар-жоғы қатаң бақылауда. Осындай рейдтердің бірінде, Келес аудандық полицейлері 10 жайт мал ұрлығын жасаған қылмыстық топты құрықтады. Тәртіп сақшылары базарда 2 бас қой сатып тұрған азаматтардан құжат сұрау барысында, құжатының жоқтығын біліп, тезарада мұқият тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде әлгі азаматтардың ұрланған қой сатып тұрғаны белгілі болды.
Тергеу барысында полицейлер ұсталған 2 күдіктінің бұдан бөлек, осындай 9 мал ұрлығы жайтына қатысы барын анықтады.Жалпы, жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 2,5 миллион теңгені құрады. Күдіктілер өз кінәларын толық мойындап, алдын ала сөзбайласу арқылы, аталған ұрлықтарды бірге жасағандарын жеткізді. Күдіктінің бірі Сарыағаш ауданының, екіншісі Мақтаарал ауданының тұрғындары болып шықты. Екеуі де бұрын соты болған. Ұрлаған малдарды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратып отырған.
Оған қоса,Келестік полицейлер олардың мал артып жүрген көліктерінің де «ұрланған көлік»екенін айқындады. Күдіктілер Шымкент қаласында көшелердің бірінде тұрған «OpelVectra» автокөлігін заңсыз айдап кеткен. Онысымен қоймай, ұрланған көлікті өзінің мемлекеттік нөмірімен айдап жүру қауіпті екенін ойлап, келесі бір тұрғынның көлігінің нөмірін жасырын жұлып алып, басқа нөмірмен жүргендігі анықталды. Бүгінде ұрланған көлік заңды иесіне қайтарылды.
Күдіктілер қамауға алынды. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» пен 188-1-бабы «Мал ұрлық» бойынша тіркелді. Сотқа дейінгіт тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.