Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған тағы 14 науқас тіркелгенін хабарлады, деп жазады Azattyq Ruhy.kz.
«Бүгіннен бастап бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Ол бойынша Франция, Иран, Италия, Германия, Испания мемлекеттері қаупі бойынша 1 «А» категориясына кірді. 1 «Б» категориясына Қытай, Оңтүстік Корея және барлық Шенген аймағы мемлекеттері жатқызылады. Ал 2 санатта Филиппин, Катар, Таиланд, Үндістан, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, АҚШ, Әзербайжан бар».
Министр жаңадан тіркеген науқастар бойынша арнайы шаралар қабылданғанын айтты.
«Бұл науқастар тәртіп бойынша, карантинге жатқызылып, олармен байланысқан адамдармен жұмыс жасалды. Барлық адамдар анықталуда. Біздің қызметкерлер қажетті жұмысты жүргізіп жатыр», — деді Е.Біртанов.
17 наурызда сағат 12.00-дегі мәліметке сәйкес, Алматы қаласында — 11 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 16 адам, жалпы Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырған 27 науқас тіркелді.