Түркістан облысының полицейлері «Имеректің» көмегімен марихуана тапты. 2020 жылдың наурызында «Жібек Жолы» бақылау бекетінен Сарыағаш АПБ-нің кезекшілігіне жедел ақпар түседі. Онда бекеттен Өзбекстанға қарай жаяулатып өтіп бара жатқан ер азаматтың күдік тудырғаны айтылады. Осылайша оқиға орнына тез арада жеткен полицейлер шекарашылардың «Имерек» атты итінің мазасызданып, әлгі күдікті тұлғаны айналшықтап кетпей қойғанын көреді. Полицейлер ер азаматты тексеру барысында аяқ киімінің ішінен есірткіге ұқсас жасыл түсті затты алады. Алынған зат бірден сараптамаға жолданды. Нәтижесінде есірткі тектес зат 1,5 грамға жуық кептірілген марихуана болып шықты.
Бүгінде ұсталған азамат қамауда. Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері аталған жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.
Полиция.кз-тің хабарлауынша Имеректің сезімталдығының арқасында есірткі тасымалдаушы ретінде күдікті азамат ұсталып, полицейлер қылмыстың алдын алды.