Сайрам ауданында жергілікті тұрғын ақша мен алтын бұйымдарын күндіз ұрлатып алған. Жәбірленушіге келген шығын 8 миллион теңге. Келіп түскен арыз бойынша дереу әрекет жасаған полицейлер, бір тәулік ішінде күдікті ретінде Жамбыл облысының екі тұрғынын анықтап, ұстады. Жас жігіттер өз кінәларын толық мойындады. Тергеу жұмыстары барысында белгілі болғандай, ұрлық жасаушы төрт күдікті жәбірленушінің үйіне кіріп, сейфті ұрлап, одан кейін оны жол бойында бұзып, ішіндегі ақшаларын алып кеткен.
Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сейф айғақты зат ретінде алынды. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.