Құрметті Түркістан облысының тұрғындары!
Қазіргі таңда елімізде әлемді жайлаған коронавирус індетіне қарсы кешенді шаралар атқарылуда.
Осыған орай, Түркістан облыстық соты, адам өмірі мен денсаулығын сақтаудың аса маңыздылығын ескеріп, келесіні хабарлайды.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысының соттары қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшті. Ол үшін көптеген мүмкіншіліктер қарастырылған, яғни сотқа жүгіінуші тұлғалар құжаттарды «Сот кабинеті» арқылы сот кеңсесіне электронды түрде жолдай алады. Бұл өтініш иесіне қысқа мерзімде хаттың тіркелгені туралы, сот отырысының өтетін уақыты, тағы басқа да қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік береді.
Алайда, қазіргі жағдайда азаматтарға айтарымыз — талап қою арыздарымен сотқа жүгінуді мүмкіндігінше кейінге қалдырған жөн және бұл мәжбүрлі шаралар халықтың денсаулығы үшін жасалып жатқандықтан, түсіністікпен қарау қажет деп есептейміз.
Айта кететін маңызды мәселенің бірі – бүгінгідей елімізге пандемия қаупі төнген кезде, өзара тіл табысып, бірлігімізді нығайта түсетін, соттасатын емес, достасатын кез келді. Осы ретте, бітімгершілікке келудің, сотқа дейін татуластыру рәсімдерін кеңінен қолданудың маңызы зор екеніне назарларыңызды аударамыз. Ол үшін медиаторлар мен азаматтарға құқықтық көмек көрсететін басқа да тұлғалардың көмегіне телефон арқылы жүгініп, дауларды онлайн түрде сотқа дейін реттеудің барлық шараларын қарастыраған жөн.
Құрметті азаматтар!
Халқымыз бұған дейін де көптеген қиыншылықтар мен сынақтарды бастан өткерді. Біз бірліктің арқасында бұл індетті де жеңіп шығатынымызға сенімдіміз. Қазір бәрімізге де, бірінші кезекте, өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығы мен өмірін қорғайтын сәт. Сондықтан төтенше жағдай кезінде белгіленген тәртіпті сақтап, мүмкіндігінше үйде қалуды сұраймыз.