Фб — да мешіт салғанша мектеп пен аурухана салыңдар деген жазба жүр. Оқылымы сойқан. Коментарийді «пешке» теңесек, оның астына «тамызық» тастап отырғандар қаншама!
Осы мүмкіндікті пайдаланып мешіттен «аттап» өтіп қасиетті дінге тиісіп, молдаларды «кекетемін» деп пайғамбарға «ауыз салып» жатқандар бар.
Менің пайымымда мешіттің өз орны, аурухана мен мектептің өз тұғыры бар. Мешіт — рухани орталық. Ол жер жақсылықты, имандылықты, ізгілікті насихаттайды. Бас жар, көз шығар демейді. Оқуға, терең білім алуға уағыздайды. Ахыретті еске салады.
«…. Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…».
Мұны мен емес ғұлама Әл – Фараби айтыпты.
Мектеп пен аурухана тән мен жанның азығы. Қажеттілік. Бұларсыз дамыған елдердің қатарынан көріну мүмкін емес. Сондықтан мектеп пен аурухана көптеп салынса нұр үстіне нұр!
Ал мектеп пен ауруханаға имандылық бойына сіңген бала қызметке тұрса — жемқорлық пен парақорлық жойылып, әділеттілік пен мейірімділік орнайды. Яғни, ошақтың үш бұты секілді, Мешіт, мектеп, аурухана қоғамның үш тағаны! Егер бұлардың бірі саптан шықса — нағыз қасірет сол!
АТА ДІНГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҒЫНА НЫҒМЕТ!
Исламда бір Алланың хақтығына күмән келтіру — ҮЛКЕН күнә! Оны бәріміз білеміз. Көпшілігіміз ата мен әжеміздің тәрбиесін көріп, олардың Алланың құлы, Мұхаммедтің үмбеті болып дүниеден өткенінен хабарымыз мол.
Тіпті кешегі атейстік қоғамда күннің шыжыған ыстығында қалың күпәйкесін киіп алып (күн өткізбеу үшін) ораза ұстаған шалдарды көрдік. Бес уақыт намазын қаза етпей, ұзақ сапарға шықса беліне «ақиреттік кебінін орап алып», ажал оғының кез келген мезетте жетеріне белді бекем буып өткені де таңдай қақтырар тақуалық емей не? Неткен қайсар, иманы бекем жандар еді…
Біз неге ұсақталып кеттік? Бойымыздағы тектен жеткен асыл қанымыз неге қарайып кетті?
Осыншалықты ата дінімізге кектене қарауға не себеп?!
Осы күнге аман-есен жеткеніміз сол кісілердің дұға-тілегінің арқасы емес пе еді!
Бабаларымыз ұрпақтарына саңылақ сахабалардың есімін қойса да, араб болып кетпегендері өз алдына бір әңгіме. (Арап әлемінде әлі кұнге хрестиян, тасқа табынушы тайпалар бар екені түсінгенге көп нәрседен хабар берсе керек-ті).
Иә, Қазақ әлімсақтан мұсылман халық. Дін мен дәстүрі қабысқан, салты мен жөн -жоралғысы дінімен жарасқан ұлттың сөздік қорында да араби терминдер өріп жүр. Мысалы: фәни, пенде, мүсәпір т.б. толып жатыр.
Ал Абай атамыздың есімі Ибрахим, Шоқан атамыз Мұхамед-Қанафия, Сәкен-Садуақас екен. Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай аталарымыз пайғамбарлардың есімін иеленген. Әлихан Бөкейханов, Смағұл Садуақасов, Жаһанша Досмұхамедов, Бейімбет Майлин секілді арабша есімге ие болған алаш арыстары бір төбе қарап отырсақ.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердиев, Дінмұхамед Қонаев деп те бұл тізімді жалғай беруге әбден болады. Әріге бармай-ақ, осыдан — ақ қазақ баласының исламға деген құрметін, ата-бабамыздың құранда айтылған пайғамбарларға деген ерекше пейілін аңғармау мүмкін емес. Демек, көне көздер араб болуға емес, арабша түскен құранға ілтипат көрсетіп тұр. Құран арқылы өмір сүру картасын сызып қойғаны өз алдына.
Балаға ізгілік жолындағы ардақты жандардың есімін беру — болашақта сәби — тағдырына әсер етуі мүмкіндігін жоққа шығаруға болмас. Бұл сенім негізіне құралған ниет тәрізді… Сол ниетті ізгі мақсатқа бұру пенденің өз қалауында… Құран мен хадистен хабары бар жұрт қана осындай қадамға барса керек-ті.
Бабаларымыз боқ дүниенің жетегіне еріп, нәпсінің қалауына жығылмай, керісінше, екі дүниенің бақытын табуға талпыныс жасағаны байқалады. Ал бізде қалай қазір?Дінге тұсау жоқ. Намаз оқуға, ораза ұстауға ешкім кедергі келтірмейді. Жан қалауың біледі. Алайда дінге қарсылық, иман жолындағы азаматтарға тас ату, ғайбат айту үдеп тұр. Қазақ даналығындағы «Құдайдан қорықпағаннан қорық » дейтін тәмсіл осындайда еске түседі. Ислам діні сөз болған жерде, асыл дін мен пайғамбарға, шариғат талаптарына кереғар пікірлер айтылуы жақсылық нышаны емес.
Осыдан кейін қалай ғана болашағымыз жарқын болады деп айта аласың? Әрине бәрі бір Алланың қолында. Әйтседе әрекет ету, қам-қаракет жасау, иманды ұрпақ тәрбиелеу бізге сын!
«Өлмесе ата-бабаң қайда кеткен» деген дана сөздің, кейінірек біздің балаларымызға да айтылатынын естен шығармағанымыз абзал негізі.
Шариғатқа талғамы сай келмейтіндер күндердің бір күнінде алдарынан өлім дейтін апан күтіп тұрғанын, одан ешкім құтыла алмайтынын бір сәтке ойласа шіркін!
Өзіміз күнде қотарып жататын әлеуметтік желіде қаншама иманы әлсіз адамдар жүр. Білімдері атан түйеге жүк болардай зілбатпан! Бірақ ислами танымдары өте таяз.
Исламды жетік біледі дейтіндердің өзі иманы әлсіз мұсылмандарға тоқтам емес, тоқпақ үйретіп жатқандай, бүйректен сирақ шығаруға әуестіктері көзіне ұрып тұрады. Аңдығандары — діндәр адамдардың әр сөзінен кілтипан табу. Сөйтіп исламға КҮЙЕ жаға салу. Дінді қаралау арқылы ұпай жинау. Құдайдан қорықпай, құдайдың сөзіне күмән келтіру. Шариғатқа ескілік сарқыншағы деп кінә арту… Қитықтан ситық іздеу.
Кейбірінің есім-сойларына көз жүгертсең АТА-АНАЛАРЫ болашағынан үлкен үміт күтіп, баламыз Алла Тағаланың сүйіктісі болсын деген ниетпен араби есімдерді таңдап қойғанын аңғарасың… Өкінішті жері, олар ата — баба дінін өрістетуді емес, шайтанның әскері болып әлсіретуді көздеп жүргендей…. Жаратқан Ием оларға ғидаят, тауфиқ бере көр! Тура жолыңа сала көр!!!
Дінді қаралап жүргендерге ой салар деп жазып отырмын…..Абай данышпан айтпақшы, өзгелерге ой салмаса «өз сөзім, өзімдікі».
Нағашыбай Қабылбек
Ақпарат www.islam.kz сайтынан алынды