Полицейлер деструктивті-діни ағымдарды ұстанушыдан «Қызыл кітапқа» енген құстарды тәркіледі. Яғни Түркістан облысы Сайрам ауданының тұрғыны, дала қыраны сияқты жабайы құстарды үйінде ұстаған. Жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында Сайрам АПБ қызметкерлері аталған тұрғынның сарайынан екі құсты тапты. Олар ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген екі «Дала қыраны» болып шықты.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде алынған Дала қырандары Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді. Тәртіп сақшылары ер адам «Қызыл кітапқа» енген құстарды қандай мақсатта ұстағанын анықтауда.