ЖЕТІСАЙДА «ҚАМҚОРЛЫҚ» АЯСЫНДА 150 ОТБАСЫҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАЛДЫ

Қайырымдылық – адам баласы бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами қасиеттердің қадірлісі қайырымдылық болса, ал, оны жасау, қамқорлыққа зәру жандардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске қолынан келгенше көмектесіп, үлесін қосу – адамның адаматтық парызы. Әрине, қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беру жомарттықтың белгісі және ондай іс тек жомарт жандардың ғана қолынан келеді. Қашан да алған қолдан, берген қол қайырлы.
Бүгін Жетісай ауданында облыс әкімі Өмірзпқ Шөкеевтің бастамасымен бастау алған «Қамқорлық» бағдарламасы аясында «KUSTO Group PTE.LTD» компаниясы мен «Tectum Engineering» ЖШС шифер зауыты 150 отбасыға азық-түлік себеттерін үлестірді. Мақтаарал ауданында орын алған су тасқыны кезінде де әлеуеті әлжуаз отбасыларды назардан тыс қалдырмаған жомарт жандар таратқан азық-түлік себеттерінің құрамында күріш, май, шай, макарон, ас бұршақ пен түрлі тәттілер, химиялық тұтыну заттары бар. Қайырымдылық шарасын өткізу үшін арнайы акция өткізіп, «#Kusto Help» қорын құрған. Жалпы соммасы 1 млн 700 мың теңгені құрайтын қайырымдылық шарасы аясында әр отбасыға 11 300 теңгенің көмегі берілген.
Қайырымдылық шарасына Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Әбжанов пен «Tectum Engineering» ЖШС шифер зауытының заңгері Қуандық Зейноллаев қатысты. Зауыт басшылары қайырымдылық шараларының алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтады.
«Біз мұндай жұмыстарды осымен тоқтатпаймыз. Алдағы келе жатқан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің есебінде тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларды өз сыйлықтарымызбен қуантып, құттықтайтын боламыз» дейді Қуандық Бақытжанұлы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *