Түркістан облысы, Мақтааралда су кеткен соң Арыстағы төтенше жағдай тәжірибесі бойынша әр үйге келген шығын есептеледі. Арнайы комиссия үйлерді қалай қалпына келтіретінін шешеді. Зардап шеккен әр отбасыға өтемақы төленеді. Егіс алқаптары суға кеткен шаруалардың шығыны өтеледі. Сонымен қатар, мал шығыны нақтылануда. «Бес баламызды сүйреп сол түні үйді тастап қаштық. Мұндайды Алла ешкімнің басына бермесін. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Апаттың әдейі жасалмағанын білеміз. Аман қалғанымызға шүкір. Мектепте жатырмыз. Төсек орны тап — таза, балаларға киім-кешек берді. Тамақ беріп жатыр. Бәріне ризамыз. Жасалған жақсылықтарыңыз үшін еліме ризамын»,- дейді Махфират Құрбанова. Тұрғындардың су ортасындағы мал-мүлкін полицейлер күзетуде. Нұрлыжол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде тасқынға қарсы бөгет салынды, Фирдоуси елді мекенінің маңында коллектор орналастырылды. Авариялық – құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 10 дана жүзу құрылғысы, 180 дана техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласынан 30 өнімділігі жоғары су жинағыш сораптар келді. Қабылдау эвакуациялық пунктері қажетті құрал-жабдықтар мен азық-түлікпен қамтамасыз етілген. 120 медицина қызметкерлері медициналық көмек көрсетуде. Көршілес облыстар мен облыстың барлық аудандарынан, кәсіпкерлер тарапынан түрлі көмектер көрсетіліп, қолдау білдірілуде.