Салтанатты рәсімге үшінші мегаполистің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Бұл – мегаполистегі алғашқы көп функционалды орталық. Мұнда интернет-кафе, физиологиялық кабинет, кинозал, кітапхана, жаттығу залы мен йога, үстел теннисі, бильярд ойнау секциялары бар. Зейнеткер қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, балалар үйінің тәрбиеленушілері осында бос уақыттарын өткізіп, денсаулықтарын жақсарта алады. Зейнеткерлерге тегін әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетіледі.
– Қоғамның дамуы қарияларымызға көрсетілетін қамқорлықтан байқалады, — деді қала әкімі Ғ.Әбдірахымов. — Жылдың басындағы есептік кездесуде қала тұрғындарының бірі менен Шымкенттен қарт кісілерге өмір салтын жақсартып, дене шынықтыруға арналған орталық ашуды сұранған болатын. Міне, бүгін осы орталықты ашып отырмыз. Зейнеткерлер мен қариялар бұл орталыққа отбасымен, балалары және немерелерімен келе алады.