Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мемлекет тарапынан құрылған комиссиямен бірге Түркістан облысының Мақтаарал ауданында болды. Министр ТЖ-ны жоюға атсалысқан Ұлттық ұланның, төтенше жағдайлар қызметі мен полицияның жеке құрамын, олардың құрал-жабдықтарын тексерді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстарына 1600-ден астам полиция, әскери қызметшілер мен құтқарушылар қатысып жатыр. 324 техника жұмылдырылған. 17-сі — қалқымалы қондырғы болса, 216 су сорғыш жабдық бар.
6 мамырда Өзбекстан Республикасынан топан суды сорғылауға 200-ден астам құтқарушы мен жүздің (100) үстінде су сорғылауға арналған арнайы техника жеткізілді. Қазіргі уақытта топан су басқан аудандарда 6 миллион текше метрден астам су сорылды.
Елді мекендерде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мүлкін қорғау үшін полицейлер тәулік бойы патрульдік қызметте жүр.
Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап полицейлер мен әскери күштер лай мен топан су астында қалған малдарды құтқарумен айналысты. 15 мыңнан астам ірі қара мен үй құсы қауіпсіз аймаққа шығарылды. Төңіректі топан су басқанда 600-ге жуық мал қырылып қалды. Көбі — ұсақ мал болды. Түрлі инфекцияның алдын алу үшін ветеринариялық қызметпен бірге жануарлардың өлексесін көму жұмыстары тиісті санитарлық нормаларға сәйкес атқарылды.