Түркістан облысы полицейлері көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына көмектесіп, қайырымдылық жасады.Тәртіп сақшылары жауапкершілігі мол жұмыстарынан уақыт тауып, әрдайым көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларына қолдау көрсетіп, демеушілік жасап тұрады. Осы игі шараны жалғастырған Мақтааралдық полицейлер әдеттегідей бір қой сойып, оны үш бөлікке бөліп, жанына бірінші кезекте қажетті азық-түлік заттарын қосып, жағдайы төмен үш отбасыға үлестіріп берді. Одан бөлек Түркістан облысы Полиция департаменті басшылығының қолдауымен, «Біз біргеміз» акциясы аясында Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері 5 аз қамтылған және ата-анасынан айырылған отбасыларға азық-түліктер таратып қана қоймай, қаражат жинап беріп, жәрдем етті. Осылайша, полицейлер тарапынан қасиетті Ораза айында ізгі амалдар жалғасуда. Өз кезегінде жәрдемге ие болған аналар полицейлерге ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі. Ал, полицейлер болса: « Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын таба бермек. Кішкене де болса, қамқорлыққа мұқтаж жандарға септігіміз тисе қуанамыз” – деп атап өтті өз сөздерінде.