Бүгінде «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қоры Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін қаражат жинау ісін жүзеге асыруда. Ол үшін арнайы есеп-шот ашылып, барлық БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда қорға 117 млн. теңгеден астам қаражат түсіп отыр. Бұл жиналған қаржылар Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тасқын судан зардап шеккен халыққа тұрғын үй салу, егін мен мал шығындарын өтеу бағытындағы жұмыстарға бағытталатын болады. Қор өз жұмысын өткен жылғы Арыс қаласындағы төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмі бойынша жүзеге асыруда. Сол кезде қор арқылы қалпына келтіру құрылыс жұмыстарына және Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына бағытталған қыруар қаражат жиналған болатын.
Айта кетейік жалпы аталған ауданның халқына қолдау білдіруге асыққандар гуманитарлық көмектерін аямауда. Яғни Республиканың түкпір-түкпірінен азық-түліктен бастап киім-кешек, гигиеналық заттар және тұрмысқа қажетті дүниелер жіберуде.