Мақтаарал ауданына Жамбыл облысы, Қордай ауданынан гуманитарлық көмек келіп жетті. Бұл қайырымдылық керуенін Қордай ауданы әкімдігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
5 млн. теңгенің гуманитарлық көмегі төтенше жағдай жөніндегі штабтың орталық қоймасына жеткізілді. Оны еріктілер мен жауапты азаматтар қабылдап алды. Атап айтсақ, 11 тонна ұн, 2,5 тонна қант, 2,5 тонна күріш, 1,5 тонна макарон, 1500 литр өсімдік майы, 5,3 тонна картоп, 500 келі пияз, 300 келі тұз, 1000 қорап шәй және жууға арналған тазалық заттарын қосқанда жалпы 30 тоннаға жуық тауар жеткізілді.
Осылайша, дүнген этносының өкілдері мақтааралдықтармен бірге екенін дәлелдеп, Мырзашөлдің тез еңсе тіктеуіне тілектес екендерін жеткізді. Керуенді бастап келген Қордай ауданы, Сортөбе ауылының әкімі Ілияс Буларов Тұтас Қазақстан жұртшылығы бір халық ретінде жұдырықтай жұмылса, алынбас қамал жоқ екенін айтты.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев қиын кезеңде жанашырлық танытып, ыстық ықыласын ала келген қордайлықтарға алғысын білдірді. Іс-шараны үйлестіріп, ұйымдастырған Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының өкілдері біртұтас Қазақ елінің бірлігін нығайтатын бастамалар жалғасатынын мәлімдеді.